Жаңалықтар

АВСТРИЯ ТЕХНОЛОГИЯСЫМЕН ЖАҢА МҰРЖА
11.12.2018

«Қазақмыс Смэлтинг» ЖШС  Балқаш мыс балқыту зауытында жаңа түтін мұржасының құрылысы басталды. Оны салу үшін австриялық фирманың озық технологиясы қолданылмақ. «Қазақмыс» корпорациясы өз қызметінде экологиялық міндеттерді орындауға әрдайым  басымдық беріп келеді. 

 

«Қазақмыс Смэлтинг» ЖШС  БМЗ(Балқаш мыс қорыту зауыты),  МБЦ (мыс балқыту цехы), конверторлық цехының   биіктігі 130 метр болатын,  № 1 темірбетонды түтін мұржасын 1938 жылы «Союзтеплострой»  тресті салған. Содан бері технологиялық газды эвакуациялау қызметін атқарған мұржа  бүгінде   тозығы жетіп, әбден ескірді. Салалық кәсіпорынның сараптамалық тексерісінен соң, «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС және  «Қазақмыс Смэлтинг» ЖШС басшылығы №1 мұржаны бұзып, болашақта ауаны ластаушы заттардың  ыдырауын жақсартуда үлкен рөл атқаратын жаңа мұржа салу туралы шешім қабылдады. Салынып жатқан мұржаның биіктігі-200 метр. Құрылыс 2018 жылдың соңында аяқталады деп жоспарлануда. Жаңа мұржа Балқаш қаласының тұрғын аумағын  ластаушы қалдықтардың шекті рұқсат етілген концентрациясын азайтуға мүмкіндік береді.  

   Құрылысты астаналық мердігер мекеме - «Құлагер» құрылыс корпорациясы» ЖШС жүргізуде. Нысанның  техникалық сипаттамасы мен  салыну тәсілі таңғажайып. Мұржаның ұңғылары гидравликалық  жабдықтарды қолдану арқылы,  күрделі жүйе - «жылжымалы құю» әдісімен салынуда.  Бетонды монолитті конструкцияны жылдам салу үшін құрылыста осындай  әдіс қолданылады.   Жаңа темірбетонды мұржа Еуропада алдыңғы қатарлы  саналатын австриялық «Gleitbau Salzburg (Глейтбау Зальцбург) фирмасының  технологиясы бойынша салынуда. Әрине, БМЗ жаңғыртудағы  негізгі  мақсат -  тұтастай  алғанда, экологиялық қауіпсіздіктің стандарттары мен технологиялардың әлемдік деңгейіне шығу және соған сай болу.   

 

Ләззат Смағұлова

Фото автордікі  


© 2018 Әзірлеуші және қолдаушы:Creatida