Жаңалықтар

Ел тәуелсіздігі күні қарсаңында Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев бір топ қазақстандықтарға мемлекеттік наградалар табыстады. Астанаға арнайы марапат алу үшін Қазақмыстың қызметкері Теміржан Бекжанов та аттанды.
Осы күні, Астанада ең үздіктер, өз білімін, күш-қайратын еліміздің өсіп-өркендеуі мен гүлденуіне жұмсай білген өз отанының нағыз патриоттары марапатталды. Олардың арасында «Қазақмыс Смэлтинг» ЖШС Балқаш мыс қорыту зауыты МБЦ қорыту учаскесінің қорытушысы Теміржан Сабыржанұлы Бекжанов бар. Ол Елбасының қолынан III дәрежелі «Еңбек Даңқы» салалық төсбелгісін алды.
Теміржан Бекжанов еңбек жолын 1977 жылы БМЗ мыс қорыту цехында қорыту учаскесінде металл қорытушы болып бастады. Еңбек өтілі- 40 жыл. Цехқа 20 жасында келген болатын. Осы уақыт аралығында ол, металлургиялық өндірістің қыр-сырын меңгеріп, өз ісінің кәнігі шеберіне айналды. Ол өндірісті жетілдіруге үлкен үлес қосты. Штейндік электромиксерді іске қосуға, пештің жүктемесін жетілдіру жұмыстарына белсенді атсалысты. Осының арқасында металлургтер кендегі бағалы компоненттерді алуды артырды және ПВ-1, ПВ-2 агрегаттарының жұмысы тұрақтанды.
Қазіргі таңда Теміржан Бекжанов Балқаш мыс қорыту зауыты, металлургиялық өндірісінің ардагері. Оған металлургия бойынша күрделі мәселелермен әріптестері ақыл-кеңес сұрап, жүгініп жатады. Атақты №2 ауысымды металлургтер әулетінен шыққан Дидар Абылайханов басқарады, ал біздің қаһарманымыз осы ауысымда еңбек етеді және бірнеше рет өндірістік жарыстың жеңімпазы атанды.
- Мен, осы отты мамандыққа - металлург кәсібіне байланған өз тағдырыма ризамын. Ұжымдағы барлық әріптестеріме, «Қазақмыс Смэлтинг» ЖШС және «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС басшыларына еңбегімді жоғары бағалағаны үшін ризашылығымды білдіремін. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі берген бұл марапаттың мен үшін орны айрықша,- деді Теміржан Бекжанов.