Бұл біздің адам!

Кенші екенім – өмірлік мақтанышым

Кәсіптік мерекесі – Кеншілер мен байытушылар күні Юбилейно-Снегирихинский кенішінің тиеу-жет­кізу машиналарының маши­нис­тер бригадирі Бек Аманбаев ұзақ жылғы адал еңбегі үшін 3-дә­режелі «Кенші даңқы» құрметті төс­белгісімен ма­рапатталды.

Өз ісінің маманы атанған кеншімен тілшілердің алғашқы кездесуі бар-жоғы бірнеше минутқа созылды.

Кезекті вах­таның соңғы жұмыс күні аяқталып келе жатқан болатын, тау басына шыққан бригадир ауысымдық тапсырманы орындау мақсатында асығыс қимылдап жатқаны байқалып тұр. Мұндай кезде біреудің уақытын алуға қимайды екенсің: бірнеше рет суретке түсіріп алып, кездесу жөнінде уағдаластық.


«Адам – сөйлескенше, ат – кісінес­кенше» дегендей, өмір көрген жандар ­бір­неше минут сөйлескен соң-ақ адам ту­ралы белгілі бір мәліметтер пайда бола­тынын айтады. Жинақы, тіпті қатқыл кен­ші киімін жасырмаған спортшының әдемі сымбаты бар Бек өзіне сеніп тапсырылған машинадан еппен секіріп түсті. Сөздері – дәл, анық. Ауысымнан соң кездесуге ке­пілдік берді. Сол кезде-ақ оның спортпен шұғылданатындығы, өмірлік ұстанымы мықты, байсалды және өзіне сенімді, мәмілесі жақсы, өндірістік жоспар үшін жанын салатын жігіт екені көрініп тұрды. Кейінірек, әңгіме үстінде бұл болжамы­мыздың әбден дұрыс екеніне көзіміз жетті. Ол жасына қарамай ерте есейген, өмірдің біраз қиындықтарын жеңіп, сабақтарын үйрену арқылы өз бақытын еңбектен тапқан ауыл баласы екен. Ол мұның бәрін бір-ақ ауыз – мен басқаларды бақытты етсем, өзімді бақытты сезінемін деген сөзімен жеткізді. Онда өмірдегі барлық отбасы құндылықтары – ата-анасы, құдай қосқан өмірлік жары, ұлдары, махаббат пен сүйіспеншілік, құрмет бәрі бар. Бұлар – алтыннан да қымбат, ешқандай бағаға сатып ала алмайсың. Бек өте ашық мінезді азамат екен және оның өмірдегі басты ұстанымдарының бірі – әр адам өзінің әрбір әрекетіне жауап беруі керек. Оның бүкіл өмір тарихы осы берік ұстаныммен тығыз байланысып жатқандай.  

Алматы облысының шалғай аулында дүниеге келген Бек Аманбаев айтулы аза­мат болуды армандап өсті. Ол бүкіл жос­парлары мен мұрат-ниетін жақсы адам болуға лайықтап құрды. Мектепті бітірген соң әскери қызметке барғысы келді. Оның алғашқы басқышы әскер қатарындағы мерзімді қызмет болуы керек еді. Бірақ Бек әскер қатарына шақыру комиссиясын толық өтіп болған кезде, отбасындағы бірден-бір асыраушы болғандықтан, оны әскерге алмады. Әскери училищеге түскісі келіп еді, оның да реті болмады. Бұл оған алғашқы үлкен сабақ болды. Өмірде өз орнын табу, өзіне және ата-анасына кім екенін дәлелдеу асқақ арманды тәкаппар жасөспірім үшін үлкен абырой болатын. Қалайда ол айналасына сыйлы адам бо­лу­-ды ойлады. Сөйтті де Астанаға аттанды. Ондағы ойы – оқу үшін өзіне қаражат табу. Бірақ тағдыр оған басқа сабақтардан тәлім алуды бұйыртыпты: асқақ мұраттардың орнына аш қалмау үшін табылған жұмысты істеуге мәжбүр болды. Бірақ үйіне қаражатсыз қайтуға болмайтын еді, бұл оның мінезіне сай емес. Абай атамыздың «есектің артын жу да мал тап» дегеніндей, нан пісіруге де, таң атқаннан күн батқанға дейін құрылыста жұмысшы болуға да, тіпті көшелерді мұздан тазарту үшін аула тазалаушы болуға да тура келді. Бірақ ол адал еңбек пен қарапайым игіліктердің жоқтығы ең әншейін заттарды бағалауға үйреткенін айтудан тартынбайды. Бір күні қыста түскі тамақ кезінде қолғабын жоғалтып алып, жұмысқа келгенше енді бірнеше сағат бойы мұздай темір сүйменді жалаңаш қолымен қалай ұстайтындығын ойлап, қатты қайғырды. Сөйтіп келе жат­қанда бір жұп ескі қолғап тауып алып, қуанғанын өмірі естен шығармайды. Ол кез келген жұмысты істеп кете береді және ылғи жақсы адамдар жолыққанын, олардан өмір даналықтарын үйренгенін әр кез мақтанышпен әңгімелейді. Айталық, құрылыста ол Мұрат есімді шеберден ұста­шылықтың қыр-сырын, жұмысшылармен дұрыс мәміле жасауды, қандай жағдайда да өзін ұстауды үйренді. Осылай төрт жыл ата-анасынан алыста жүріп, төзімділік сынағынан өтті және дәл осы кездер оған үлкен өмірлік сабақ болды. Өзінің ай­туынша, мүмкін, осы жылдар өмір оған шек­тен тыс тәкаппарлығы мен өзіне деген сенушілігі, айналасындағы адамдар мен жағдайдан үстем болғысы келетіндігі үшін басты сабақ берген шығар.  

Өз тағдырындағы бетбұрысты сәтті Бек Жезкентпен байланыстырады. Атап айтсақ, дәл осы жерден оның кеншілік өмірі бас­талады. Бір кездері тіпті ол Ресейде жұ­мыс істеуді жоспарлаған, бірақ қаржы­ның жоқтығынан шекара асып кете алмады. Дәл осы кезде комбинатта шахтада жұмыс істеуге қабылдап жатқан, Бек қорықпастан кенші боламын деп шешті. Алғашқы қадам­дарын сервистік қызмет учаскесінде сле­сарьдың шәкірті болып бастады. Бос кез­дерінде мүмкіндігінше көбірек үйренгісі келетін талапты жас өзге мамандардың жұмысына қызыға қарайтын. Ол әр кез қолынан іс келетіндігін және жұмыс істегісі келетінін көрсетуге тырысты. Сөйтіп жүріп моторист кәсібін меңгерді, ал тиеу-жеткізу машинасының беріліс қорабын көзді жұмып бұзып-жинайтын болды. Жинақ­талған тәжірибе жаңа біліммен толығып отырды. Сөйтіп, Бек Аманбаев бригадирді ауыстыратын деңгейге жетті. Ал Снегириха кенішіне ауысу мүмкіндігі туған кезде, оның кім екенін, немен тыныстайтынын қатты тексергендіктеріне қарамастан, жаңа ұжымға ешқандай үрейсіз кірігіп кетті.  

Оңтайлы жұмыс кестесі оған енді ата-анасы мен сүйікті қызына да уақыт бөлуге мүмкіндік беретін. Жезкентте ол болашақ өмірлік жары Ақмаралмен танысты. Ол Бектің өміріндегі басты адамға айналды, орталарында үш ұл өмірге келді.  

– Өмірдің қиындықтарын көргеніме еш өкінбеймін, – дейді Бек, – олар мені жақ­сыны да, жаманды да көре білуге, барды бағалай білуге үйретті. Әскери адам болу арманым орындалмағанымен, мен өмірде бақытымды таптым. Бұйыртса, жақын арада тағы бір балалы боламыз. Мен өмір­ден көп нәрсе алдым, бірақ балаларымды тәрбиелеп жетілдірсем, оларды аяғына тұр­ғызсам, олар да айналасына құрметті адам­дар болса, нағыз бақытты жан бо­ламын. Барлығымыз отбасы үшін, балалардың келешегі үшін еңбек етеміз ғой!  

Қарамағындағы жұмысшыларға тех­никалық қауіпсіздікті сақтау, өндірістік жоспарды орындау жайында айтқан кезде де бұл мәселелерді Бек бір минут та естен шығармайды. Мейлі ол офицер болмай-ақ қойсын, бірақ бүгін ол ТЖМ машинистер командасына жетекшілік етеді. Олардың әрқайсысына жауап береді, әрқайсысының құқықтарын қорғайды, ол үшін әрқашан салмақты дәйектер келтіреді. Сондықтан да оның еңбегі Кеншілер күніне орай компа­нияның бірінші басшысының Құрмет грамотасымен белгіленіп отыр.  

Бек Аманбаев 36 жаста, ол көпшілікке танымал бригадир, үлкен отбасының әкесі, сүйікті ұл. Сырт көзге сұсты көрінгенмен, жүрегі өте нәзік. Ата-анасын қатты жақсы көреді. Ұлдары үшін әйеліне өте риза. Үшінші ұлы қатайған соң, Ақ­маралға Түр­кияда демалып қайтуға жолдама сыйлады, ал өзі балаларына қарап, үйде қалды. Еш­қандай артық сөз айтылған жоқ! Ол балалық шағын еске түсіретін Ша­туновтың әндерін тыңдағанды жақсы көреді, өзі де қазақша әндерді жақсы ай­та­ды, спортпен шұ­ғылданып, салауатты өмір сүргенді ұнатады. Жұмыстан бос ке­зінде көп нәрсені білуі үшін ұлдарына көбірек білім беруге ұмтылады. Ең бастысы, қара­пайым еңбек адамы, кенші екенін – өмірлік мақтаны­шы санайды.

aikyn.kz сайтының ақпараты