Балаларға арналған үздік әдеби шығармалар байқауы «БАЛАУСА»

2012 жылдың сәуір айында Қазақмыс Тобы мен Қазақстан Жазушылар одағы бірлесе отырып, мектеп жасына дейінгі балалардың əдеби шығармаларына «Балауса» бəйгесін жариялаған болатын.

Байқау туралы

2012 жылдың сәуір айында Қазақмыс Тобы мен Қазақстан Жазушылар одағы бірлесе отырып, мектеп жасына дейінгі балалардың əдеби шығармаларына «Балауса» бəйгесін жариялаған болатын.


Бəйгенің мақсаты – балалар əдебиетіне қолдау көрсету арқылы бүгінгі заман талабына сай шығармалардың жазылуына ықпал ету, сол арқылы балаларды қаршадай кезінен өз ұғымдарына лайық əдеби туындылармен молынан сусындатып, туған елге, ата-анаға, дос пен бауырға деген сүйіспеншіліктерін қалыптастырып, ұлтжанды, өнегелі, білімқұмар болып өсуіне негіз қалау. Өйткені бүгінгі бала ертеңгі қазақ халқы, Қазақстан республикасының иесі. Ол халықтың өре-деңгейінің биік болып қалыптасуының бір ұшы осы балалар əдебиетімен байланысты. Көркем əдебиет көпшілікке ортақ ұлы ұстаз болса, балалар əдебиеті сол көркем əдебиеттің уызы.


Мектеп жасына дейінгі балаларға арналған ең үздік әдеби шығармалардың «Балауса» байқауының қорытындысы дәстүрлі түрде 2 сәуір күні Алматы қаласында жарияланады. Ол үшін байқау жеңімпаздары оңтүстік астанаға арнайы шақырылады. Бәйгенің жеңімпаздарын марапаттау ресми салтанаты  екі жыл бойы Алматы қаласында Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрында өтіп келеді.     


Байқауға танымал жазушылармен қатар, әуесқой авторлар да қатыса алады. Бәйгенің әділқазылар алқасы 2 жыл ішінде 400-ге жуық қаламгерден келіп түскен 540-тан астам шығарманы қарап шықты.


–  Жылдан жылға шығармалардың санымен қатар сапасы да артып келеді. Біз осыған қуанып отырмыз. Биыл байқауға танымал жазушылармен қатар, студенттер де, мектеп оқушылары да қатысты. Бұл – «Балауса» байқауының танымалдығы артып келе жатқандығының айқын белгісі. Қазылар алқасы жауапты да зор жұмыс атқарды, ең үздік деген шығармаларды таңдап алуға тырысты. Мен қазылар алқасының атынан бәйгеге қатысқан барлық қаламгерлерге алғыс білдіріп, бәйге жеңімпаздарын құттықтағым келеді, – деді 2014 жылдың  2 сәуірінде Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрында өткен баспасөз-мәслихатында қазылар алқасының төрағасы, танымал балалар жазушысы Ескен Елубай.


Қазақмыс Тобы әлеуметтік және қайырымдылық жобаларды қолдауға бағытталған белсенді қызметімен қатар, еліміздің мәдени мұрасын мен қазақ тілін қолдап, ілгерілетуге белсенді түрде атсалысып келеді. Осы бастамалар Қазақмыс Тобының корпоративтік және әлеуметтік жауапкершілік жөніндегі бағдарламасында көрініс тапқан. «Балауса»  – сол жобаларың бірі және біз бұл бәйге көпшіліктің балалар әдебиетіне деген қызығушылығын арттырып, ұлттық мәдениетті дамытуға, келешек ұрпақты тәрбиелеуге және қазақ тілін одан әрі өркендетуге қомақты үлес қосады деп сенеміз.