Бұл біздің адам!

Қазақмыста 37 мыңға жуық адам жұмыс істейді. Олардың қатарында еңбек жолын жаңадан бастаған жас мамандар да, өз ісін бес саусағындай білетін, кен өндіру және металлургия саласының қыр-сырына қанық, білікті де тәжірибелі мамандар да бар.
Аймақтық және республикалық басылымдарда Қазақмыс қызметкерлері туралы талай мақалалар жарияланды. Біз бұл бөлімде осындай материалдардың мұрағатын жасап, жариялап отырмақпыз. Өзіңіз жайлы, әріптестеріңіз бен таныстарыңыз туралы оқи жүріңіздер. Жанымызда мақтауға тұрарлық адамдар аз емес!

Шахтаны мәңгілікке таңдаған!

Шахтаны мәңгілікке таңдаған!

4

 
 
Әрбір кенші немесе кен саласы қызметкері үшін шахта күн сайын көз ұшында қарайып тұратын меже сияқты. Олар межеге шығынсыз жетіп, керісінше, өзіне, өз бригадасы мен туған кәсіпорнына пайда әкелуге барын салуы тиіс. Біздің кейіпкеріміз Жеңіс Досжанов осы кәсіпті жанымен сүйетін өндірістік династияның өкілі. 
Досжановтар отбасының Жезқазған қойнауын шарлап, қоғамға, мемлекет пен отандастарына пайдасын тигізіп жатқанына міне, жарты ғасырдан астам уақыт өтіпті.
— Біз, кеншілер, қарапайым, еңбексүйгіш халықпыз. Бізге аса көп нәрсе қажет емес. Міндетіміз – берілген тапсырма мен белгіленген жоспарды орындау. Әлбетте, біз ең алдымен техника қауіпсіздігін бұлжытпай сақтауға міндеттіміз. Шахта біздің екінші үйіміз. Кез-келген шахтердың өзінің ауыр да болса қызықты кәсібі туралы жақсы-жақсы ондаған естелік айтып бере алатынына сенімдімін, — деді Жеңіс Советұлы.
Тау-кен ісіне деген махаббат оның бойына атасы мен әкесінен дарыған.
— Атам Әбітай Досжанов кезінде Шығыс Жезқазған кенішіндегі №42 шахтада жұмыс істеген. Оның ізін әкем Совет Досжанов жалғады. Енді ата кәсіппен менің ұлым да айналысып жатыр. Тағдыр менің ғұмырымды бұрғылау ісімен байланыстырды. Шахтаға 1991 жылы келдім. Жалпы, еңбек өтілім 25 жыл. Жезқазған тау-кен колледжін бітіргеннен кейін, 1989 жылы әскерге алынып, борышымды сол кездегі КСРО астанасы Мәскеуде өтедім. Елге оралғаннан кейін Оңтүстік Жезқазған кенішіндегі №45 шахтаға бұрғылаушының шәкірті болып орналастым. Еңбекқорлық, жауапкершілік және ұйымдастырушылық қабілеттің арқасында 1996 жылы өндіру учаскесінің бастығы болып тағайындалдым. Сол жерде 2008 жылға дейін еңбек еттім. 
Алғашқы ұстазым – бұрғылаушылар бригадирі, жоғары білікті маман Кенжемұрат Жанғабылов болатын. Ол маған ең алдымен мұқият болу қажеттігін және техника қауіпсіздігі талаптарын орындау керектігін ұғындырды. Арада қанша уақыт өтсе де бұл талаптың маңызы жойылған жоқ: бүгінде мен өзім де жастарға жұмыс орнында қауіпсіздік талаптарын бұлжытпай орындау қажеттігін түсіндіріп келемін. 2008 жылы Батыс Жезқазған кенішіне ауысқаннан кейін «Ақши-Спасск» шахтасында жұмыс істедім. Бес жылдан соң «ЖТМ» ӨБ ОЖК №73-75 шахтасына ауыстым. Содан бері осында елімнің игілігі үшін еңбек етіп келемін. 
Жоспар бойынша бір ауысымда 120, бір тәулікте 240 теспе бұрғылап, тәулігіне 2300 тонна руда өндіру қажет. Бақытымызға орай, қазір техника заманы ғой, бәрі автоматтандырылған. Ауыр жұмыстың бір бөлігін машина жасайды. Қазір біз «Atlas Copco» фирмасының «Boomer» бұрғылау қондырғысымен жұмыс істейміз. пневматикалық қондырғылармен алысып, қиналған кездер де жадымыздан өшкен жоқ. Заманның өтуімен, техниканың дамығаны, ауыр жұмыстардың автоматтандырылып жатқаны қуантады. Өздеріңіз ойлап көріңіздерші: бұрын бригада тәулігіне 45-50 теспе жасаса, қазір автоматтандырудың арқасында 120-ға жетті. Айырмасы көзге ұрып тұрған жоқ па? — дейді Жеңіс аға. 
— Кәсіби мерекеміз – Шахтер күні қарсаңында өз бригадамның, ШЖК №73-75 шахтаның өндіру учаскесіндегі білікті мамандардың еңбегін ерекше атап өткім келеді. Олардың ішінде: аға-слесарь Евгений Соколовский (36 жыл), бұрғылаушылар Талғат Дәрменов (19 жыл), Нұрлан Шүменбаев (19 жыл), Ринат Жәнібеков (17 жыл) сынды тәжірибелі мамандардың орны бір төбе. Евгений Ананьев, Достан Тұрлыбеков, Руслан Лаисов және тағы басқа болашағынан үлкен үміт күттіретін жастар да баршылық, деді ол мақтанышпен. 
Жеңіс Досжанов зайыбы Жанар екеуі бүгінде немере сүйіп отырған бақытты ата-әже. Үлкен ұлдары Самат әке ізін қуып, ОЖК қарасты №73 шахтада электр желілерінің слесарі болып еңбек етеді. Ортаншы қызы Самал Қарағандыдағы ЖОО бірінің студенті, кенжесі Саят мектеп оқушысы.
— Біздің отбасы өндірісшілер отбасы. Туған бауырым Бауыржан Досжанов ОЖК №65 шахтасында үңгуші, қарындасым Дана Досжанова «Жомарт» кенішінде конвейер машинисі, күйеу балам Болат Әлдиев ОЖК №73 шахтада «ТОRО» жүргізушісі болып жұмыс істейді. Біз бәріміз өз ісін жанындай жақсы көретін алып өндірісшілер отбасын құраймыз, — деді Жеңіс аға.
Өмір өтіп жатыр, уақыт өз талабын қоя біледі, мақсат-міндеттер өзгеріп отырады. Бірақ ар-ождан, борыш, әділеттілік сынды түсініктер ешқашан өзгермейді. Еліңнің алдында адал қызмет етіп, ата-анаң берген атыңа, тегіңе күйе жақпасаң, балаларың болашақта сені мақтан тұтса, осыдан артық бақыт жоқ, дейді кейіпкеріміз.
Жеңіс Досжанов бүгінде еңбегі сіңген шахтер, 2-ші және 3-ші дәрежелі «Еңбек даңқы» наградаларының иегері, сүйікті әке, қамқор отағасы және ақылгөй ата.
— Біз, өндіріс қызметкерлері корпорация басшыларының қамқорлығын айқын сезініп отырамыз. Олар қарапайым жұмысшылардың өтініштеріне бей-жай қарамайды. Кәсіподақ қызметінің дұрыс ұйымдастырылуының арқасында Қазақстанның інжу-маржаны – Бурабайдағы, Қызылордадағы т.б. шипажайларда демалуға мүмкіндік бар. 
Өмірлік тәжірибесі бар адам айналада болып жатқан оқиғалар мен құбылыстарға басқаша көзбен қарайды. Бірақ, қарбаласқа толы тірлікте ең бастысы – кейін өкінбейтіндей, қызықты өмір сүру керектігін түйсіну. Өмір жақсы оқиғаларға, таңдаған мамандығыңа деген махаббатқа толы болуы тиіс. Біздің бүгінгі кейіпкеріміз – Жеңіс Досжановтың өмір жолы дәл осылай қалыптасты. Аты кен ісінің тарихына алтын әріптермен жазылатын осындай білікті мамандар мен олардың отбасылары – отандық өндірістің тірегі. Яғни, олардың шеберлігі мен тәжірибесі ауыздан ауызға таралатын халық даналығы секілді ұрпақтан ұрпаққа жалғаса бермек.
Салтанат ҚОЖАХМЕТОВА,
Жезқазған
Фото: Ердос МҰҚЫШЕВТІКІ.
 

У вас нет прав для отправки комментариев