Жаңалықтар

ЭКОЛОГИЯЛЫҚ ДЕСАНТ
05.08.2019

#Birge #TazaQazaqstan Республикалық экологиялық акциясына балқаштықтар екінші аптада да үн қосып, белсене атсалысты. Эстафетаны өткен сенбіде қала әкімінен қабыл алған «Қазақмыс Смэлтинг» ЖШС кәсіпорындарының қызметкерлері корпорация жанындағы «Жастар одағы» қоғамдық бірлестігімен бірлесе отырып көл жағалауындағы 4 гектар жерді  тұрмыстық қалдықтардан тазартты.

 

 

Сенбілік басталмай тұрып, берілген аймақ көлемі айтылып, тазалық кезіндегі сақтық шаралары қатаң ескертілді. Бұдан соң, ортаға «Қазақмыс Смэлтинг» ЖШС-нің техникалық директоры, қалалық мәслихат депутаты Гуламидин Камирдинов шығып:

- Біз, металлургтер, өз өлкемізді өте қатты жақсы көреміз! Өз аймағымыздың экологиялық жағдайы біздерді қатты алаңдатады. Сол себептен де біз тазалыққа деген тамшыдай болсын үлесімізді қосу үшін бүгін жиналып отырмыз. Барлығымыздың балаларымыз және немерелеріміз бар. Солардың денсаулығына алаңдап, әрі үлгі-өнеге көрсету мақсатында сенбілік жүргізбекпіз. Ендеше, іске сәт, әріптестер, - деп жігер бере сөйледі.

 

 

Металлургтердің тазалық шарасына қызу дайындалғандықтары көрініп тұр. 300-ден аса адамның үстінде «Қазақмыс Смэлтинг» ЖШС логотипы жазылған бірдей ақ футболка, бастарында ақ кепка, арнайы қолғап, шаң-тозаңнан қорғайтын маска. Адам күшінен бөлек, акцияға 2 арнайы техника да жұмылдырылды. Сондай-ақ, көл жағалауына 2 қоқыс жәшігі қойылып, 2 үлкен, 7 кішкентай тазалыққа шақырған #хэштегтер орнатылды.

 

 

- Дәл қазір көзбен бір шолып келіп отырмын. Жобалап айтқанда, 2-3 куб шамасында тек пластмасса қалдықтары шығайын деп тұр. Ал, шыны қалдықтарына келер болсақ, 1-1,5 тонна шамасында болатын шығар. Қалған тұрмыстық қатты қалдықтар 4-5 Камаз болады деп ойлаймын, - деген жобамен ақпар берді «Қазақмыс Смэлтинг» ЖШС жанындағы қоршаған ортаны қорғау бөлімінің бастығы Вячеслав Береснев.

 

 

Сенбілік қорытындысы бойынша, жалпы саны  4 КАМаз ауыр автокөлігімен 32 тонна қоқыс шығарылды. «Қазақмыс Смэлтинг» ЖШС бұл эстафетаны «Балқаштүстімет» ӨБ(Бас директоры Кайрат Шалмагамбетов) мен «ТRANCO Express» ЖШС (директоры Бауыржан Есеев) Балқаш филиалына жолдады.

Еркеназ БАҚТОРАЗ