Жаңалықтар

Қазақмыс республикалық тазалық акциясына қатысты
29.07.2019

Осы аптада  «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС ұжымы #Birge #TazaQazaqstan республикалық тазалық акциясына  қатысып, Жезқазған қаласындағы Кеңгір су қоймасының жағалауын күл-қоқыстан тазартты. Кен – байыту Кешені, «Адал Енбек» ЖШС мен «Jastar Bolashaq» жастар одағы мүшелерінен құралған 250 адам іс-шараға бір кісідей атсалысты.

Айта кету керек, корпорация  аймақтағы жалғыз су қоймасының жағалауын көгалдандыру мен абаттандыру жұмыстарын 2015 жылдан бастап қолға алып келеді. «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында қазақмыстықтар Кеңгір су қоймасы жағалауын кәсіпорындарға бөліп, аптаның бейсенбісі мен айдың соңғы сенбісі күндері тазалық жұмыстарын атқарады. Жезқазған жылуэлектр орталығы, Жезқазған байыту фабрикалары, Жезқазған мыс қорыту мен құю – механикалық зауыттары, корпорация әкімшілігі және «Адал Еңбек» ЖШС  ұжымы 12  – ден 60,3 га – ға дейін аумаққа тал отырғызып, күл – қоқыстан тазалауда.

 

 

- Биылдың өзінде, су қоймасы жағалауына 2,5 га жерге қара ағаш пен терек көшеттері отырғызылып, 35-40 т қоқыс шығарылды. Бұл жұмыстарды орындау үшін арнайы «АдалЕнбек KZ» ЖШС құрылды. Аталған кәсіпорында өндірістегі ауыр жұмысқа жарамсыз еңбеккерлер қызмет етеді. Олардың алдындағы әлеуметтік жауапкершілігін сезінген корпорация осындай игі бастамаға барып, Жезқазған мен Сәтбаев қалаларының 1200– ге тарта тұрғындарын жұмыспен қамтамасыз етті,-деп атап өтті «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС Басқарушы Кеңесінің Бас директоры Бақтияр Қырықпышев.

 

 

Ел көлемінде бастау алған республикалық іс – шараның ашылу салтанатында сөз алған «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС жанындағы Ардагерлер кенесінің төрағасы Төлеген Бүкіров: - Кеңгір су қоймасы – аймақтың тіршілік нәрі. Өндірістің өзегіне айналған Кеңгірді сақтап қалу, оны үнемі назарда ұстау, корпорация басшылығы мен еңбеккерлерінің басты міндеттерінің біріне айналды. Міне, бұл бастаманы қолдаған қазақмыстықтарға мың алғыс. Аға буын мен жастар бір қатарда тұрып, таза қала үшін бір кісідей жұмылып, қыруар шаруа атқаруға ынта білдірді. Жақсы бастама, - деді.

 

 

Сонымен қатар, су қоймасы жағалауына жас жасыл желектермен қатар, кен өндіру мен жаңа нысандар ашу бағдарламасы аясында тұрғындары Сәтбаев қаласына көшірілген Жезқазған кентінде (Рудник), қараусыз қалған жеміс – жидектер ағашы мен қара ағаштарды арнайы техникамен тамырымен қопарып, Кеңгір жағалауына отырғызу жұмыстары басталды.  

 

 

«Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, ел көлемінде бастау алған шараға корпорация еңбеккерлері жұмыла кірісіп, игі істің өріс алуына ұйытқы болды.

 

 

Естеріңізге сала кетейік, 20 шілдеде Қазақстан Республикасының Премьер – министрі Асқар Мамин «Birge #TazaQazaqstan экологиялық акциясының басталғанын жариялаған болатын. Елордадағы Қоянды су қоймасындағы тазалық жұмысына қатысқан Үкімет басшысы бұл акцияның елдің әр аймағында өтуі қажеттігін атап өтті.