Бұл біздің адам!

Темірді қамырдай илеген

Бекен Әшрімбекұлы Ежебаев 30 жылдан астам уақыт бойы Балқаш қаласындағы «Казахмыс Смэлтинг» ЖШС-нің мыс балқыту зауытында жұмыс істеп келеді. Зауытқа буыны қата қоймаған бозбала шағында келген Бекеннің болашақта қандай маман болып шығатыны өндірісте тәлім беретін әріптес ағаларына байланысты болатын. 

Дәл сол кездері комбинатта кадрлар жаңартылып, ескі кадрлардың орнына жаппай жастар келе бастаған еді. Аға буын металлургтер ертеңгі күнгі үміттерін жастармен байланыстыратын.

Иә, қазір Бекен Әшрімбекұлы аса білікті мамандардың бірі. Мыс балқытуға келгенде істің жөнін одан артық білетіндер кемде-кем. Ал, еңбек жолы туралы әңгіме қозғағанда тәжірибелі маман өзінің алғашқы ұстаздары мен өзін үйреткен, іске баулыған бапкерлері – Өміржан Баянбаев, Анатолий Казанцев, Шағат Түсіпбеков, Марал Смағұлов, Оразкен Терлікбаев және Таласхан Өмірзақов сынды аға буын өкілдерін жиі еске алады. Жұмысқа алғаш келген күні де кешегідей көз алдында. Атағы дүркіреп тұрған сол металлургтер бала Бекенді қолынан жетектеп жүріп, цехпен таныстырған, жұмыстың қыр-сырын түсіндірген.

Құрдастары секілді Бекен де Балқаш мыс балқыту зауытының балқыту уческесіне балқытушы болып жұмысқа қабылданды. Содан бері отыз жыл өтіп кетіпті. Қиындығы мен қуанышына толы түрлі кезеңді басынан өткерген Бекен ағамыз өз ұжымы мен кәсіпорнынан ешқайда кетпей, әу баста таңдаған учаскесінде әлі күнге дейін жұмыс істеп келеді. Бүгінде Бекен аға атанған кейіпкеріміз бізге мыс балқыту агрегаты – «Ванюков пеші» туралы былай деді: – Бұл ғажайып пеш. Көмейіне шикізатын тығып, тамағын берсең, баптап-күтсең – ол да аянып қалмайды, жақсылығын өзіңе үйіп-төгіп береді.

Дегенмен, технология қанша шарықтаса да, адамның қолына ештеңе жетпейді екен», дейді сосын біздің кейіпкеріміз. – Адамның қолымен жасалатын еңбектің жөні бөлек қой. Адамсыз мысты сапалы етіп балқыту мүмкін емес. Бұл жерде қателесуге де болмайды. Мыс балқытқанда жасалған әрбір қателік – белгілі бір шығынға әкеледі. Шлакты дер кезінде ағызу керек, штейн ұзақ тұрып қалмауы тиіс – мұның барлығы мыс балқытушының әліппесі іспетті. Қателессең – құйған мысың шлакпен кетеді, сонымен бірге металлургтердің ғана емес, мыс балқыту үрдісіне қатысы бар тау-кен саласындағы үлкен ұжымдардың, кен байытушылар мен көптеген өзге де мамандардың ерен еңбегі текке кетеді.

Бекен Ежебаев – өте жоғары, алтыншы разрядты балқытушы. Бұл дәреже тек білікті, тәжірибелі мамандарға ғана беріледі. Өндіріске қатысты барлық технологиялық үрдісті жетік меңгерген маман, қажет болса, пеш жанындағы балқытушының, мастер мен уческедегі аға шебердің орнын алмастыра алады. Соңғы жиырма жылдан бері смена бригадирі ретінде де өз ісінің үздігі екенін көрсетіп келеді. Кезінде жұмысқа енді араласа бастағанда аға буын өкілдерін құнды тәлім алған ол енді өзінен кейінгі жастарды іске барынша баулуды азаматтық парызы санайды. Жастарға үйрету жолында қуанышы да, өкініші де қатар жүреді екен. Шәкірттің үйренуге деген құлшынысын көргенде қуанып кетеді, үйренуге зауқы жоқтарды көргенде көңілі құлазиды. «Бірақ, соңғылары зауыт цехында ұзақ тұрақтамайды, металлург сияқты ауыр мамандықта кездейсоқ адамдар болмайды», - дейді бұл орайда Бекен Ежебаев. Қазір Бекен аға өзінің жас әріптестері – Өміржан Арынов,Медеу Бейсенов, Еркебұлане Жексембаев, Ясымжан Момынов секілді жас болса да бас болатын жігіттердімақтан тұтады. Осындай жастар бригадирі және ұстаздары Бекен Ежебаевпен бірге вахтаға шығып, аянбай еңбек етуде.

Ләззат Смағұлова

Айқын