Бұл біздің адам!

Мусиндер бригадасы

Елімізде өз кәсібіне ұрпақтарын да баулыған еңбек әулеттері аз емес. Сондай отбасылардың бірі Шығыс Қазақстан облысының Жезкент кентінде тұратын Қапан Мусиннің отбасы. Ол 5 ұлымен бірге осы жердегі тау-кен комбинатында жұмыс істейді. Бір жанұядан шығып, өмір ағынымен бір саладағы жұмыста табысқан әулетті барлық жезкенттіктер біледі. 

Бұларды ауылда Мусиндер бригадасы деп те атайды кейбіреулер. Себебі олар білдей бір кеніштің әр жерінде жұмыс істесе де, шахтаның қалыпты жұмысына қажетті негізгі салаларда табысты қызмет атқарып келеді. Қапан Мусиннің өзі энергетика саласының тәжірбиелі маманы. Ол сонау 1972 жылдан бастап электр энергетикасы саласында жұмыс істеп келеді. Өзі жұмысшы мамандығын таңдағасын, ұлдарының да еңбекқор болуын және қиындықтан қорықпай өсуін қалады. Дегенмен балаларына «сен пәленше мамандықты таңда» деп айтып көрген емес.

«Мен өзім 18 жасымнан еңбекке араластым. Қазір еңбектенем деген адамға жұмыс көп қой. Жастардың өзіне байланысты. Егер олар еңбектенсе жұмыс баршылық. Қала болсын, ауыл болсын. Президентіміз де жұмысшылардың арасынан шыққан ғой. Өзі де осы саланы қолдап жатыр. Сол себепті жастар мансапты емес, еңбекті ойлағаны жөн», - деп өз пікірін білдіріп жатыр Қапан аға.

k musin

Сөйтіп, ағайынды Мусиндердің барлығы портфель ұстап, мансау қууды емес, сайман ұстап, еңбектенуге кірісті. Егер осы отбасының күнделікті жұмысына көз жүгіртсек кәдімгі өндіріс жүйесі көз алдында пайда болады.

Кеніштің жұмысы кен қазудан басталатыны белгілі. Кен қазылатын орын дайындалған кезде сол жердің төбесін тау жынысы құламастай етіп бекіту қажет. Бұл қауіпсіз жұмыстың басты қағидасы және шарты. Осы жерде ағайынды Мусиндердің бір өкілі – Жастілек қызмет етеді. Ол бекіту учаскесінде жер асты шебері. Бұл маңызды әрі жауапты сала. Себебі жер астында тынымсыз еңбек етіп жүрген шахтерлердің қауіпсіздігі лайықты деңгейде бекітілген төбеге де байланысты.

Қазылған кенді қуаты жоғары жерасты тиеу-тасымалдау көліктері тасымалдайды. Бірнеше тонна тау жынысын оп-оңай көтеретін машиналардың құлағында ойнайтын мамандар қатарында Жастілектің ағасы Думан Мусин бар. Алты-жеті сағаттық бір ауысымда Думанның көлігі жүздеген тонна кенді арнайы жолаққа апарып түсіреді. Бұл жұмыс асқан мұқияттылық пен шеберлікті талап етеді. Себебі шахтаның дәліздерінде осы сынды көліктермен қатар көптеген адамдар да жұмыс істейді.

Думанның көлігі кенді түсірген жолақ - арнайы теміржол вагонеткаларына тиеуге арналған орын. Бұл жерде Думан мен Жастілектің інісі Жасұлан жұмыс істейді. Скрепер деп аталын құрылғының көмегімен Жасұлан көліктер түсірген руданы бір жерге жинақтап, арнайы дәліздер арқылы вагонеткаларга тиейді.

duman musin

Мусиндердің тағы бір өкілі Тельман да осы кеніште қызметіп етіп жүр. Ол қазір жер астындағы кен тасымалдайтын темір жолдың жағдайына жауапты маман. Жер қойнауында ондаған шақырымға созылған шойын жолдың қалыпты, қауіпсіз және тоқтаусыз жұмысын қамтамасыз ету өте жауапты сала. Өйткені руданың көздеген жерге уақытылы жетуіне бүкіл кеніштің жұмысы байланысты болып отыр.

Ал горизонт деп аталатын жер астындағы келесі қабатта Мусиндер әулетінің еркесі, әрі кенжесі Біржан әкесі Қапан Жүнісбекұлы екеуі жер астындағы қосалқы электр стансасының жұмысын қамтамасыз етіп отыр. «Үйде мен балаларыма ақылшы болсам, жұмыста ұлым Біржан маған бастық», - деп қалжындайды Қапан аға. Өйткені ол қосалқы станасының кезекшісі, ал Біржан Мусин бірнеше қосалқы станса мен электр қуатын тарату орындарының жүйелі жұмысын үйлестіретін энергетик лауазымында. Дегенмен Біржан тәрбиеден жұрдай емес.

«Әкеміз қамқоршымыз, әрі ақылшымыз. Өзімнің лауазымым жоғары болғанымен әкемінің жұмыс тәжірибесі мол. Ол маған жұмыстың мән-жайын түсіндірсе, мен бұл саладағы жаңа технологиялар жағынан көмектесем», - дейді жас маман.

Осылай ағайынды Мусиндер әкесімен бірге кеніште қажырлы еңбек етіп жүр. Ал жұмыстан кейін олар жеке отбасын құрғандарына қарамастан, өздері «үлкен үй» деп атайтын ата-анасының қара шаңырағында бір дастархан басына жиналады. Бұл жерде бес ұл, бір қызды тәрбиелеп өсірген анасы Меделхан апай тағатсыздана күтіп отырады.

«Қанша айтқанмен жер асты жұмысы оңай емес. Олар үйге келгенше тәубе деп отырамын. Осылайша жолдасым мен балаларым бір жерде жұмыс істеп жүргеніне қуанам. Себебі бір біріне қамқоршы да, қорғаушы да болады ғой», - деп ағынан жарылды батыр ана.

«Отағасы мен ұлдар кілең кеншілердің терминдарымен сөйлей бастағанда, бастапқыда түсінбейтінмін» деп күледі Қапан Жүніспекұлының жұбайы. Уақыт өте келе, бұл кісі де шахтерлар жұмысының қыр-сырын жақсы меңгеріп алыпты. Ал ендігі арманы өсіп келе жатқан немерелерінің де осындай еңбекқор азамат болуы. Амандық болса, кеншілер династиясы әлі де үлкейеді...

Ермек Дюзкенев, Шығыс Қазақстан облысы