Бұл біздің адам!

Әке көрген оқ жонар...

Сонау 1965 жылы құрылған Оңтүстік Жезқазған кеніші бүгінде «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС құрамындағы шахта қазатын ірі кәсіпорын болып табылады. ОЖК шахталары Покро-Оңтүстік-Батыс және Ақши-Спасск кеніштерін игереді. Онда тереңдігі 700 метрлік 16 ұңғы бар. 

Алайда, Оңтүстік Жезқазған кеніші ауқымының кеңдігімен емес, өндірістегі тамаша көрсеткіштерімен танылған. Оның ел ішінде ежелден еңбек озаттарының кеніші немесе «Оңтүстік Жезқазған кеніші – еңбек озаттарының нағыз Отаны» деп аталуы бекер емес. «Халық айтса қалт айтпайды» емес пе?!

Бүгінде Оңтүстік Жезқазған кеніші барлық өндірістік көрсеткіштер бойынша алдыңғы қатарда келеді. Ол өндірілген руда көлемі жағынан да, ондағы мыс қоспасы жағынан да көшбасшы кәсіпорындар қатарында тұр. Сондықтан да биылғы жылдың бірінші жартысындағы жұмыс қорытындысы бойынша «Жазқазғантүстімет» өндірістік бірлестігінің көшпелі жалауының иегері атанды. Екінші жартыжылдықта да кеніштің өзгелерден оқ бойы озып шығатыны қазірдің өзінде белгілі бола бастады.

Үлкен кәсіби мереке – Шахтер күні қарсаңында жазылған очеркімізге арқау болған кеншілерді таңдау себебімізді осындай жағдайлармен түсіндіруге болады.

Бұл кеніш шахтерларының даңқы өткен ғасырдың 60-шы жылдарындағы мамандардан бастау алады. Олардың қатарында аты аңызға айналған, мысты өңірдің мақтанышы - Қазақстанның құрметті кеншісі, Социалистік Еңбек Ері Құсайын Әубәкіров, Социалистік Еңбек Ерлері Қазымхан Кентаев пен Демберген Баймағанбетов бар. Кәсібіне адалдығымен, еңбектегі тамаша жетістіктерімен ерекшеленген №45 шахтаның кен қазушысы Тайғар Естаев Ленин Орденімен, №65 шахтаның кен қазушылар бригадасының бригадирі Николай Сидоренко, осы шахтаның бригадирі Жоламан Жұмаев Халықтар достығы ордендерімен марапатталды.

Ол кенші даңқын асқақтатқан, үш дәрежелі «Кенші даңқы» орденінің үшеуін де иеленген қызметкерлерімен мақтана алады. Олар: бұрғылаушы маман Дүйсен Отарбаев, рельсті көлік шебері Құсайын Өксікбаев пен Еңбек және еңбекақы бөлімі бастығы Григорий Савчук.

Оңтүстік Жезқазған кенішіндегі орта буын мен жас кеншілер әкелерінің ісін жалғастырушы атанды. Солардың бірі – Вячеслав Павлов. Әкесі Юрий Павлов саналы ғұмырын шахтаға арнаған кен қазушы. Лайықты кәсіп – лайықты жалақы. Сондықтан да Вячеслав үшін өмірлік жолын таңдау қиынға соқпаған сыңайлы. Жас жігіт орта мектепті бітіргеннен кейін ойланбастан Сәтпаев қаласындағы №1 кәсіптік училищеге оқуға түсті. Талай шахтерге кәсіп тауып берген сол білім ордасынан ол да өмірге жолдама алып шықты. 1996 жылы еңбек жолын бұрғылаушы қызметінен бастаған ол 2000 жылы мамандығын өзгертіп, монтаждаушы электрик кәсібінің иесі атанды. Тау мамандарының алдында тұрған міндеттер де ауыр әрі күрделі болып келеді. Монтаждаушы электрик – мобильді мамандық. Олар құбырларды монтаждайды, сол құбырлар арқылы теспелер жуылады. Қарапайым тілмен айтқанда, бұрғыланатын және кен өндірілетін жаңа учаскені жұмысқа дайындау міндеті солардың мойнында. Болашақтағы өндірістіңтабысты болуы бастапқы жұмыстың сапасына байланысты болмақ. Вячеслав – өндіріс озаты, звено жетекшісі. ОЖК еңбек ұжымының, бригаданың ажырамас бөлігі болып саналатын шағын ұжымды басқарады.

Шахтер мамандығының тұтастай бір әулеттің кәсібіне айналуы Оңтүстік Жезқазған кешіні үшін үйреншікті жағдай. Шахтер жұмысы ауыр әрі қауіпті. Соған қарамастан жыл сайын шахтаға жұмысқа келетін жас мамандардың есеп-саны жоқ. Олардың бәрі де ата кәсібін жалғастырғысы келеді. Өйткені, шахтер кәсібі даңққа, сый-құрметке бөлейтін мамандық және ол үнемі солай болып қала бермек. Шахтер – нағыз ер-азаматтың мамандығы. Біздің өңір мұндай батырларға бай өлке.

Сый-құрметке лайықты қос батырды 30 жылға жуық забойда тер төгіп келе жатқан Дүйсенбек Ержанов та тәрбиелеп өсірді. Бүгінде кеншінің екі ұлы осында әкесімен бірге иық тірестіріп жұмыс істеп жүр. Үлкені – Бағдат геофизик, кіші ұлы – Ерболат электровоз жүргізушісі. Дүйсенбек Ержановтың өзі шахтаға 17 жасында келіпті. Бастапқыда слесарь болып орналасқан ол кейін жол салушы қызметін атқарды. Енді міне, 23 жылдан бері электровоз жүргізеді. Ал, 2007 жылы ол жұмыстағы тамаша жетістіктері үшін 3-ші дәрежелі «Еңбек ардагері» орденімен марапатталды. Ұлы Ерболат заң колледжін бітіргеннен кейін көп ұзамай бұның өз мамандығы еместігін түсінді. Сөйтіп, әкесінің қасына, шахтаға жұмысқа орналасты. Жас жігіт жолшы, кейін әкесі сияқты электровоз тұтқасын ұстады. Қазір Ерболат «өз мамандығымды таптым» деп сенімді түрде айта алады. Жастығына қарамастан шеберлігімен, еңбектегі жетістіктерімен құрметке бөленген бұрғылау қондырғысының операторы Дархан Алмахов та білікті кенші атанды.

Міне, өндірістің жас батырлары осындай! Олар Оңтүстік Жезқазған кенішінің шахталарында аянбай, адал еңбек етеді. Сол арқылы еліміз бен аймақтың өнеркәсіптік, индустриялдық қуатын арттырып, кенші даңқын аспандатып жүр.

23.08.2013

Литер