Бұл біздің адам!

Жастық шақ - табысты шақ

Жас маман Дархан Әбдіқасов кішкентай күнінен ағайы, Ғ.Омаров атындағы Шахта қазу трестінің бас энергетигі, еңбек ардагері, ІІІ дәрежелі «Шахтер даңқы» орденінің иегері Ескермес Әбдіқасовты үлгі тұтып өсті.

– Ол менің кумирім, — дейді Дархан. – Мен ағайымның жолын қуатынымды баяғыда-ақ білдім. Өз ісінің шебері болғаны өз алдына, оның жұмысқа деген ынта-ықыласы таңқалдырмай қоймайтын. Мен де сол сияқты алдыңғы қатарлы маман болып, айналамдағы адамдардың сый-құрметіне бөленгім келеді.

«Қазақмыс» компаниясы Батыс-Жезқазған кенішіне қарасты №55 шахтадағы 2-ші учаске шебері Дархан Әбдіқасов Қарағанды облысы Ұлытау ауданының Қарсақпай ауылында дүниеге келген. Жезқазған елді мекенінде тұратын ол Қарсақпай мектебін бітіргеннен кейін кәсіптік-техникалық білім алады.

– Қандай мамандық алдың дейсіз бе? Агрономия саласының электр слесарімін, – деп күледі Дархан. – Басқаша айтқанда, ауыл шаруашылық техникасын жөндейтін және техникалық қызмет көрсететін слесарь.

№13 кәсіптік-техникалық училищені тәмамдағаннан кейін О.Байқоңыров атындағы Жезқазған университетіне оқуға түсіп, инженер-шахта салушы мамандығын иеленді.

– Мен Батыс-Жезқазған кенішіне 2007 жылы келдім. Бірден тау-кен шебері болып орналастым. Кәсібім қызық, бірақ жауапкершілігі мол болды. Өйткені, мен бір ауысымдағы ұжымға жетекшілік ететінмін. Өндіріс процессін ұйымдастыру ісіне жауапты болдым. Ол үшін әрине, көп білуің, көп нәрсені істей алуың қажет, – дейді Дархан.

Дархан Әбдіқасов жұмыс барысында технологиялық, өндірістік нұсқаулықтар мен тау-кен саласындағы техника қауіпсіздігі ережелерін толық сақтауға дағдыланған. Бұл жерде бірінші кезекте техника қауіпсіздігі стандарттарына көңіл бөлетін «Қазақмыстың» өзі де үлкен рөл атқарды. Компания өз қызметкерлері үшін түбегейлі 10 ереже мен қауіпсіздіктің 5 шартын әзірледі. Бұл жақын келешекте жұмыс орнында жарақат алу деңгейін нөлге жеткізуге көмектесуі мүмкін.

– Үнемі бәрі ойдағыдай, мінсіз бола бермейді, кейде қателік кетіп жатады, – дейді Дархан. – Дегенмен жұмыс орнын ауыстырғым келмейді. Өйткені, кәсібім өзіме ұнайды. Және тағдырымды дәл осы тау-кен саласымен байланыстырғаныма ризамын. Мен өмірімді шахтасыз мүлде елестете алмаймын.

«Жас болса да бас бола білген» біздің кейіпкеріміз әріптестерінің арасында үлкен беделге ие, жұрт сыйлайтын азамат. Жұмыстастар оны бастамашылдығы үшін, көздеген мақсатына жетпей қоймайтын табандылығы мен креативті шешімдері үшін бағалайды. Өндірістің игілігі үшін аянбайтын Дарханды ата-анасы да мақтан тұтады. №67 шахтаның БӨҚжА бөлімінде электрослесарь болып жұмыс істейтін әкесі Болат мұрагерін әрдайым қолдауға дайын. Ал, анасы, СПТВС сорғы құрылғылар машинисі Әлима мұның проблемаларына құлақ түріп, пайдалы кеңес беруден жалықпайды. Жас жігіт те ата-анасын құрмет тұтады және өте жақсы көреді. Отбасымен бірге болған сәттері оған ылғи да қуаныш сыйлайды.

Оның өз ұстазы, №2 учаске бастығы Нұрлан Көпкөзовке де айтар алғысы шексіз. Учаске жетекшісінің қалыптасқан ахуалды бірден түсініп, тиімді шешімдер қабылдау қабілеті жас маманға қанат бітіреді. Шынында, бұл қауіп-қатері мол, жағдай минут сайын құбылып отыратын шахта жұмысшысына ауадай қажет қасиеттер.

Ұстаздың шәкірт бойына сіңірген қасиеттері, ағайына ұқсасам деген талпынысы мен жеке басындағы қабілеттерінің арқасында Дархан құрмет грамотасымен марапатталды. Бойында күш-қайраты тасыған жас маманға қарап, бүгінде шахталарда аға буынның орнын басатын лайықты ұрпақ еңбек етіп жатыр деген тұжырым жасадық.

– Мен еңбегімнің еленгеніне қуаныштымын. Бірақ, жеткен биіктерде тоқтап қалуға болмайды. Алда әлі талай биік белестер бар, – дейді ол.

Известия-Казахстан, 15.01.2013